
ЦИФРЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТЕРДІ ДАМЫТУ
Цифрлық құзыреттерді дамыту: AI-Sana бағдарламасы аясында ЕҰУ оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған жасанды интеллект курстары
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Онлайн оқыту департаменті жаппай ашық онлайн курстарды дамытумен қатар, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Департамент жұмысының басым бағыттарының бірі – «Ғылым мен білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы. Бағдарлама оқытушылардың цифрлық құзыреттерін жетілдіру және заманауи технологияларды оқу процесіне тиімді енгізу мақсатында әзірленген.
72 академиялық сағат көлеміндегі курс алғаш рет 2024 жылғы қараша айында аралас форматта ұйымдастырылды. Курсқа университеттің 238 оқытушысы мен қызметкері қатысып, барлығы сәтті аяқтады.
Курстың жоғары сұранысқа ие болуына байланысты, 2025 жылғы мамыр айында екінші ағым басталып, онда 235 қатысушы білім алды. Сонымен қатар, Астана медициналық университетінің профессор-оқытушылар құрамы да қызығушылық танытып, 12 қызметкер аталған курсқа қатысты.
2025 жылғы қазан айында үшінші ағым ұйымдастырылды, оған ЕҰУ-дың 137 оқытушысы мен қызметкері, сондай-ақ Астана медициналық университетінің 23 және Esil University-нің 5 өкілі қатысты.
Осылайша, «Ғылым мен білім берудегі жасанды интеллект» курсы ЕҰУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамының цифрлық құзыреттерін дамытудағы маңызды қадамға айналды. Бағдарлама білім мен ғылым саласына заманауи технологияларды енгізуге ықпал етіп, оқытушылардың кәсіби дамуына жаңа серпін берді.
Курс мазмұны төмендегі өзекті бағыттарды қамтыды:
- Жасанды интеллектке кіріспе;
- ЖИ-дің заманауи құралдары;
- Білімді бағалау мен тіл меңгеруде ЖИ қолдану;
- Жасанды интеллект сауаттылығы.
Практикалық бөлім аясында тыңдаушылар келесі тапсырмаларды орындады:
- Цифрлық құзыреттілік деңгейін анықтау;
- Презентация әзірлеу;
- Бейнематериал генерациялау;
- Ғылыми зерттеулерге арналған ЖИ-іздеу жүйелерін пайдалану;
- Мәтінді автоматты түрде рефераттау сервистерімен жұмыс істеу;
- Аватар арқылы бейнежазба жасау;
- Тесттер құрастыру;
- Kahoot платформасында викторина жасау;
- Quizlet платформасында оқу карточкаларын дайындау;
- Мәтінді дыбыстау.
Курстың теориялық және практикалық бөлімдерін сәтті аяқтаған барлық қатысушы 72 сағаттық оқу бағдарламасы бойынша сертификаттарын Smart.ENU платформасынан жүктеп алу мүмкіндігіне ие болды. Курсты аяқтаған тыңдаушылар тарапынан жоғары баға мен оң пікірлер айтылды.


