
ЕҰУ-да оқытушыларға арналған Demo-day өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Цифрландыру күніне орай оқытушыларға арналған Demo-day шарасы өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – оқытушыларды заманауи цифрлық шешімдерді тиімді қолдануға шабыттандыру, технологияларды оқыту сапасын арттыру мен шығармашылықты дамыту құралы ретінде таныту. Кездесуді Цифрлық даму департаменті ұйымдастырды.
ЕҰУ цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова білім беру саласында цифрлық құзыреттерді дамыту маңыздылығын және Microsoft Mesh платформасының мүмкіндіктерін таныстырды:
«Mesh — иммерсивті виртуалды 3D кеңістіктер құруға арналған инновациялық платформа. Ол оқытушылар мен студенттерге аватарлар, интерактивті объектілер және виртуалды аудиторияларды пайдалана отырып, физикалық орналасуына қарамастан, бірыңғай цифрлық ортада бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жасанды интеллекттің қарқынды дамуы адамзат алдында маңызды сұрақтар қойылуына себеп болуда: «Жасанды интеллект адамды толық алмастыра ала ма?» Жасанды интеллект адам еңбегін толықтай ауыстырмаса да, оны тиімді меңгерген маман технологияны қолдана алмайтын маманнан алда болады. Сондықтан технологияларды тиімді пайдалана білуіміз аса маңызды.
Цифрландыру – адамның орнын басу емес, оның мүмкіндіктерін кеңейту. Осындай Demo-day сияқты шаралар оқытушыларға технологиялардың жаңа мүмкіндіктерін таныстырып, кәсіби дамуына серпін береді», - деді проректор.
Қатысушылар заманауи оқыту үдерісін ұйымдастыруға арналған бірнеше цифрлық құралдармен танысты: Higgsfield – фотосуреттерді анимацияланған қысқа видеоларға айналдыратын сервис; Midjourney –мәтіндік сипаттамадан ерекше визуалдық материалдар жасайтын нейрожелі; GPT, Elicit, Overleaf, Academic Assistant – ғылыми зерттеуді жеңілдетуге және жарияланымдар дайындауға арналған құралдар; Suno – мәтін бойынша музыкалық композициялар жасауға мүмкіндік беретін платформа.
Шара соңында қатысушылар көрсетілген сервистердің практикалық пайдасын жоғары бағалап, цифрлық құралдарды әрі қарай игеруге қызығушылық танытты. Demo-day жасанды интеллект технологиялары білім беру, ғылыми зерттеу және оқу контентін құру саласында жаңа мүмкіндіктер ашатынын дәлелдеді.
Еуразия ұлттық университеті ENU Digital University стратегиясын жүзеге асыруды жалғастырып, цифрлық шешімдерді енгізу мен инновациялық білім беру ортасын дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастыра береді.
